«Елдегі автокөлік сатылымының және шығарылымының екі жылдық құлдырауынан кейін 2017 жылдың І тоқсан қорытындысы позитивті жаңалықтарға толы. Қазақстандағы автомобильдерді шығару көлемі үшінші ай қатарынан өсіп келеді, сатылымдар екі тоқсан бойы артты. Өткен жылы еліміздегі сатып алушылардың 19% ғана Қазавтопром ұсынысын қабылдаған еді, ал бүгінде әрбір үшінші сатып алушы Қазақстанда шығарылған көлікті таңдайды», - деді Олег Алферов.
Сонымен бірге, О. Алферов қазақстандық зауыттардың экспорттық жағдайына шолу жасап өтті.
«Жыл басынан бері «Азия Авто» зауыты шығарған көліктердің 7% немесе 204 данасы Қытайға экспортталды. Әрине, Қытай - тартымды сыртқы нарықтардың бірі. Бірақ ондағы баж салығы, тарифтің жоқтығы кедергі болса да, «Азия Авто» зауыты Қытай нарығына 204 дана автокөлік жіберілді. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдары Қырғызстан мен Түрікменстан нарықтарына қазақстандық автокөліктердің пилотты партиялары жеткізілді. Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына да «Лада» жол талғамайтын көліктері қойылды», - деп атап өтті «ҚазАвтоПром» бірлестігінің басқарма төрағасы.
Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «ҚазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласының кәсіпорындар одағы 2017 жылдың І тоқсанындағы республика автоөндірушілерінің жұмыс қорытындысын жариялады. Басқарма төрағасы жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2017 жылдың алғашқы үш айында республика аумағында 16,4 млрд теңгеге 3405 дана автокөлік (жеңіл көлік, жүк көлігі, автобустар мен арнайы техникалар) шығарылған. Осылайша, отандық автоөндірушілердің шығарылым көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артқан. Алғашқы тоқсанда ел аумағында 3095 дана жеңіл көлік шығарылып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7 есе асып түсті. Ал жүк көліктерін шығару, керісінше, өткен жылмен салыстырғанда 31,6% азайған. Автобус техникасын шығару көлемі (27 дана) өзгеріссіз қалды.
Жергілікті зауыттарда құрастырылған жеңіл көліктерді сату бойынша Lada автокөліктері алғашқы үштікті құрады: Lada 4x4 (599 дана), Lada Granta (332 дана), Lada Largus (159 дана), төртінші және бесінші орындар Lada Kalina мен Hyundai Tuscon (111 дана) еншісінде. Аса танымал ондықты Jac S3 (106 дана), Chevrolet Cruze (98 дана), Hyundai Elantra (89 дана), KIA Sorento (80 дана), KIA Optima (70 дана) Lada Xray (56 дана) автокөліктері құрады.