Қазақстан көлік саласында Еуразияның бірыңғай ақпараттық картасын құруға бастамашы болады

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Еуразияның бірыңғай ақпараттық картасын жасауды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Нұрлан Сауранбаев Алматыда өткен «Жаңа Жібек жолы» VIІ халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында сөйлеген сөзінде көлік инфрақұрылымы саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен ақпарат алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Министр соңғы кездері Түркия, Пәкістан, Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан және Ресейге жасаған сапарларын, онда түрлі форумдарға қатысқанын тілге тиек етті.

- Форум – бұл кездесу ғана емес, пікір, ой, тәжірибе алмасу. Сапар барысында біз елдер арасында байланыс пен ақпарат алмасудың аз екенін көріп отырмыз. Мәселен, Түрікменстан Қазақстанға заманауи бетон жол салып жатыр. Біздің жеке жобаларымыз бар, жолдарымыздың өткізу мүмкіндігі де әртүрлі. Қырғызстанда да, Ресейде де жағдай осыған ұқсас. Сондықтан форумдар біздің жоспарларымызды үндестіруге және ақпарат алмасуға бірегей мүмкіндік береді, - деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.

Ол Қазақстанның көлік саласындағы негізгі бастамаларын атап өтті. Қазақстан тарапы Еуразияның бірыңғай ақпараттық картасын құруға бастамашылық етеді.

- Біз Еуразияның бірыңғай үлкен картасын жасағымыз келеді, сонда ірі стратегиялық бағыттарда орналасқан барлық елдер өздерінің болашақ жоспары мен дамуы туралы ақпарат алмаса алады. Жалпы, теміржолға қатысты бізде нақты түсіністік бар, ақпарат алмасу бар. Ал автомобиль жолдарына келер болсақ, бірыңғай ірі бағдарлама жоқ, - деді министр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Министр сондай-ақ Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарында тұрақтылық пен инвестицияларды қорғауды қамтамасыз ететін логистикалық жобалар бойынша өзара салалық үкіметаралық келісімдер қажеттігін атап өтті.

- Логистикалық өнімдер нақты мерзімдерді, бағаларды және қызмет көрсету сапасын талап етеді. Маршрут бірнеше ел арқылы өткенде шарттар, бағалар мен мерзімдер өзгеруі мүмкін. Ірі логистикалық жобаны жүзеге асыру кезінде, біздің пікірімізше, үкіметаралық келісімдер өте маңызды. Бұл идеяны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға сапары кезінде алға тартып, өзара келісімді қайта бастау қажеттігін баса айтты. Барлық елдерді қамтитын Транскавказдық көлік жолы (КТР) Қазақстанның бастамасымен жасалған. Бұл үкіметаралық келісімге екі тарап қол қояды, содан кейін бағыт бойынша басқа елдер де қосыла алады, - деп қосты ол.

Министр әр ел логистикалық өнімге қомақты инвестиция салып жатқанын атап өтті. Жақында Қазақстан шамамен 35 миллиард доллар инвестициялады, тағы 15 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр, бұл инвестицияның жалпы көлемін 50 миллиард долларға жеткізу керек. Бұл инвестициялар ұзақ мерзімді нәтиже беруі тиіс.

Қорытындылай келе, министр әріптестері мен серіктестеріне ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, алдағы халықаралық көрмелердің маңыздылығына тоқталды.

- Жақын арада Грузия, Өзбекстан және Пәкістанда ірі көрмелер өтеді деп күтіп отырмыз. Қазақстан осы шаралардың барлығына қатысып, Еуразияның дамуына өз үлесін қосады, - деді Нұрлан Сауранбаев.

Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір Алматыда «New Silk Way» VIІ халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «New Silk Way» бизнес-форумына қатысып, Достық-Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолын іске қосты. Бұл жобаның Қазақстан экономикасына тигізер пайдасын ҚР Президентінің көмекшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай талқылады.