«Қазақстан» коньягын өз үйінде жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз қаласында өз үйінде арақ пен коньяк сияқты алкоголь өнімдерін заңсыз жасаған ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылы К. есімді азамат сәуір мен қазан айлары аралығында өз үйінде заңсыз алкоголь өнімдерін жасады. Ал коньяк үшін «Қазақстан»-ның қолданылған шөлмектерін пайдаланды. Одан кейін тығындармен бітеп, жалған есептік-бақылау маркаларын жапсырған. Сосын барлық заңсыз алкоголь өнімдерін қаладағы дүкендерге таратып отырды. Сот отырысында тәртіп бұзушы ер адам өз кінәсін мойындамады.

«Тараз қаласының №2 сотының шешімі бойынша К. есімді азамат  Қылмыстық кодекстің 233-бабы, 2-тармағы бойынша (акцизделетiн тауарларды акциздiк маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, акциздiк маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдаланғаны үшін) кінәлі деп танылды. Оған қатысты 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды. Бұдан бөлек, ол 62 592 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген соттың ресми хабарламасында.