***
Бұдан екі күн бұрын Семей мен Курчатов қалаларында басталған «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» тақырыбындағы халықаралық конференция кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қорытындыланды. Бүкіл адамзат үшін ерекше маңызды бұл жиынға әлемдегі 75 мемлекеттің парламенттері мен үкіметтерінің мүшелері, 20-дан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Парламенті палаталарының төрағалары, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері, сондай-ақ еліміздегі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қарусызданудың жаһандық жаңа кезеңі Семей полигонын жабудан басталды» деген тақырыппен берілген.
Биыл еліміз Негізгі Заңымыздың қабылдануының он жеті жылдығын мерекелеуде. Бүкілхалықтық маңызы бар актіге айналған Конституцияның қағидалары мен нормаларына бұлжытпай сүйене отырып, Қазақстан осы жылдар ішінде орасан табысқа қол жеткізді. Ата Заңымызда 1995 жылғы 30 тамызда елдің конституциялық саясатының негіздері айқындалып, ол уақыт талабына қарай бірқатар өзгерістерге ұшырады. Міне, осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговке жолығып, Ата Заңымызға байланысты тың ойларымен бөліскен. Сұхбат «Қазақстан Конституциясы - әлеуметтік құндылықтар негізі» деген тақырыппен жария етілді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Павлодарда қыркүйек айында өтеді деп жоспарланған Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының тоғызыншы форумына дайындық мәселесін талқылады.
***
«Шығыс Қазақстан облысында немересі туған атасынан өзінің ағасын дүниеге әкелді», - деп жазады «Время» газеті бүгінгі санындағы «Почему, мама?» деген мақаласында. Шығыс Қазақстанның шалғай түкпіріндегі ауылда 13 жастағы қызды 70-тен асқан атасы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп келген. Жан түршігерлік бұл ақпарат құқық қорғаушылардың құлағына да шалынған. Дегенмен қыз полиция қызметкерлерімен байланысқа құлықсыз шыққан. 10 жасынан бастап атасының зорлық-зомбылығына ұшыраған қыз ендігі уақытта баласының тәрбиесімен айналыспақ.
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, Көкшетауда бір түннің ішінде үй тонап, әйел зорлаған және шетелдік азаматты соққыға жығып өлтірген 2 қалалық жасты тұтқынға алды. Олар шілде түндерінің бірінде облыс орталығындағы үйлердің біріне басып біріп, 43 жастағы әйелді зорлап, ақшасымен мен ұялы телефонын алып кеткен. Осымен тоқтамаған олар жол бойында 47 жастағы ресейлік азаматты соққыға жыққан. Ресейлік ауруханаға жеткізілгенмен, ауыр соққыдан көз жұмды.
***
«Қазақстан Президенті «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты Халықаралық конференцияда бірқатар жаңа жаһандық бастама көтерді», - деп жазады «Известия Казахстан» газеті «Нурсултан Назарбаев: «Безъядерный мир - наша общая цель» деген тақырыптағы мақаласында. «Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосып отыр. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі - Эболиш Тестинг. Ауэ Мишн («Abolish Testing. Our Mission») - төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрып, «Сынақтарды Жою - Біздің Миссиямыз» дегенді білдіреді. Жоба шеңберінде жер бетіндегі ядролық қаруға қарсы кез келген адам әлем үкіметтерін ядролық сынақтардан біржола бас тартуға шақырған онлайн-петицияға қол қойып, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім-шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізе алады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.