Қазақстан Конституциясы Брайль қарпінде және аудионұсқада ұсынылды

АСТАНА.KAZINFORM - Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған кітап апталығы аясында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымының таныстырылымы өтті.

Фото: Ақорда

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, басылым қазақ және орыс тілдерінде Брайль қарпінде, сондай-ақ аудионұсқада әзірленді.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері қатысушыларды бедерлі-нүктелі қаріппен басылған кітаптарды дайындау үдерісімен таныстырып, олардың жасалу кезеңдерін көрсетті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Тәуелсіздікті нығайтуға, саяси жүйені жаңғыртуға және қоғам дамуының жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған құжат ретінде Ата Заңның мәні айрықша.

Іс-шараның басты мақсаты – маңызды мемлекеттік құжаттарды барлық азамат үшін қолжетімді қылып, баршаға бірдей мүмкіндікті қамтамасыз ету.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді.

Олжас Бектенов барлық меморганға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды.