Алматы қаласы Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі басшыларының сөзіне қарағанда, нарықтың барлық секторы бойынша сауда-саттық көлемінің өсуі Қазақстан қор нарығының жеке инвесторлар үшін едәуір қызығушылық тудыратынын көрсетеді. Ағымдағы жылдың 9 айында акция сату мен сатып алуда жеке тұлғалар мөлшері 36,4 пайызды құрады. 2009 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 16,5 пайызға тең болған еді. Мұндай ағым корпоративтік облигациялар нарығында да көрініс берді. Ол биыл 23,2 пайызды, ал өткен жылы 13,7 пайызды құрады.
"Агенттік тарапынан отандық рейтинг қызметінің нарығын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қор нарығының сапасы мен қызметін қамтамасыз ету мақсатында қаңтар айында борыштық бағалы қағаздар листингінде міндетті түрдегі рейтингтің болуын талап ететін норма енгізілді. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің қызметі қымбат әрі отандық эмитенттердің көбіне қол жетімді деңгейде емес. Сондықтан агенттік отандық рейтинг агенттіктерінің рейтингтік бағаларын мойындау мәселесін бастамалап қолға алды. Қазіргі таңда елімізде 3 ұлттық рейтинг агенттігі қызмет атқарады", дейді ҚР Алматы қаласындағы Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі төрағасының орныбасары Шыңғыс Қанапиянов. Оның айтуынша, Өңірлік қаржы орталығының Рейтинг агенттігі (АӨҚО РА) 9 айдың ішінде отандық 25 компанияға 26 рейтинг берді. Ал Қазақстан қор биржасында айналымға түсетін борыштық бағалы қағаздарға берілген рейтингтердегі АӨҚО РА үлесі бүгінгі таңда 23 пайызды құрауда. Бұл рейтинг агенттіктері берген әрбір 5-інші рейтинг болып отыр.