Қазақстан-Корея достығын нығайту екі елдің ортақ мақсаты - Президент
«Президент Мун Чжэ Ин бастаған оңтүстікорейлік делегацияны қазақ жерінде қабылдау мен үшін және барша қазақ халқы үшін үлкен мәртебе. Біздің елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инге үлкен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы достық пен тығыз серіктестікті дамыту және одан ары нығайту елдеріміздің ортақ мақсаты. Бүгінгі сапар барысында оған толық көзім жетті», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы екі елдің стратегиялық қарым-қатынастарының 10 жылдығына орай Мун Чжэ Ин мырзаның Нұр-Сұлтан қаласына келуінің мәні мен маңызы ерекше екендігін баса айтты.
«Бұл біздің ұзақмерзімді ықпалдастығымызды тың белеске шығарды. Қазақстан мен Оңтүстік Корея өзара қарым-қатынас орнатқан уақыттан бері саяси ықпалдастығымыздың тұрақты дамуын біз Елбасының атымен байланыстырамыз. Мен Мемлекет басшысы ретінде Тұңғыш Президентіміздің саясатымен сабақтастықты сақтап, стратегиялық әріптестігімізді нығайта түсуді басты мақсатым әрі мұратым деп білемін. Біз Оңтүстік Кореямен өзара сенімге негізделген ашық және сындарлы қарым-қатынас орнаттық», - деді Қ.Тоқаев.