Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі қандай нәтиже берді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2012 жылдан бері Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі тиімді жұмыс нәтижесін көрсетті. Бұл туралы бүгін Қазақстан-Корея бизнес форымында аталған Іскерлік кеңестің қазақстандық тарапынан тең төрағасы Алмасадам Сатқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі ел арасындағы қарым-қатынастың табысты дамуына 2012 жылы құрылған Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі ықпал етіп келеді. Осы жылдары тәжірибе жүзіндегі өзара іс-қимылдарды қолдау жасай отырып, Іскерлік кеңес өзінің қажеттігі мен тиімділігін көрсете алды. 2012-2017 жылдар аралығында аталған кеңестің 6 отырысы өтіп, 5 млрд АҚШ долларынан астам сомаға есептелген 12 келісімге қол қойылды», - деді А. Сатқалиев.

Осы орайда, ол денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар және цифрлық трансформация, құрылыс, қаржы, сауда, туризм салалары қамтылғанын атап өтті.

«2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд АҚШ долларын құрап, бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артты», - деді Іскерлік кеңестің тең төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен екіжақты кездесу өтті.

Соңғы жаңалықтар