АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының плей-офф матчында Қазақстан – Корея матчында Елена Рыбакина мен Сон Хен Пак шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші әлемнің 6-ракеткасы болса, кореялық спортшы рейтингіде 355-орында тұр. Е.Рыбакина 25-те, қарсыласы одан үш жасқа кіші еді.
Бірінші партияны Е.Рыбакина 6:2 есебімен аяқтады.
Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді – 4:2. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 9 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 3 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Сон Хен Пак 2 эйс, 1 брейктен (2 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шықты.
Қазақстан – Корея матчы ертең жалғасады. Қазақстандықтарға алдағы жылы сәуірде өтетін Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алу үшін енді бір жеңіс жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Корея матчында Зарина Диястың қарсыласын ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).