Қазақстан Кореяға еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктің көлемін ұлғайтуды ұсынды

Қазақстан Кореяға Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы транзиттік жүктің көлемін ұлғайтуды ұсынады. Бұл туралы «Орталық Азия – Корея Республикасы» 16-ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабадтан.

Фото: форум ұйымдастырушылары

«Біздің сауда және инвестициялық байланысымызды нығайту «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттары бойынша негізгі транзиттік-көлік тораптарының инфрақұрылымдық дамуына тығыз байланысты. Еуропа мен Азияның, сондай-ақ Орталық және Шығыс Азияның өзара байланысы тұрғысынан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақстандық терминал стратегиялық маңызды саналады», - деді министр.

Осы орайда ол қазақстандық «Ақтау» және «Құрық» экопорттарды пайдалана отырып, орта дәліздің қуаты 2030 жылға қарай бірте-бірте 500 мың контейнерге дейін кеңейетініне назар аудартты.

«Бұл қадам Шығыс Азиядан Еуропаға контейнерлердің транзиттік мерзімін 12 күнге дейін айтарлықтай қысқартады. Корей тарапына Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы транзит жүгінің көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ көлік кемелерін бірлесіп жасау және логистикалық орталықтар құруға қатысуды ұсынамыз», - деді Мұрат Нұртілеу.