Қазақстан – корейлер көбейіп жатқан жалғыз ел – Юрий Шин

Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы берік қарым-қатынасты көрсететін маңызды оқиға болды. Бұл пікірді Kazinform тілшісімен Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы және Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Юрий Шин бөлісті.

«1992 жылдан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея сенімді әрі берік қарым-қатынаста. Бүгін біз Қазақстанның Оңтүстік Кореяға қалай назар аударатынын және Оңтүстік Кореяның Орталық Азияға қалай назар аударатынын көреміз. Қазақстанға ұшар алдында Оңтүстік Корея Президенті Жібек жолы бойында болу өте қызықты екенін айтты. Сондықтан K-Silkway бағдарламасы жасалды. Себебі Оңтүстік Корея Президенті бастаған делегация Орталық Азия елдерін аралап, өзара қарым-қатынасты кеңейтуді ұйғарды. Ал Қазақстанға Кореяның технологиялары өте қызықты. Сондықтан екі ел арасында өте жақсы синергия болуы мүмкін», - деді Юрий Шин Астана екі ел Президентінің қатысуымен өткен гала-концерт барысында.

Сондай-ақ, қауымдастық төрағасы Мемлекет басшысының Сеул мен Сингапурдың үлгісі бойынша Алатау сияқты жаңа ақылды қалаларды салуға дайын екендігі туралы бүгінгі мәлімдемесін еске салды.

«Біз кореялық компанияларға өндірістерін осында орналастыру үшін толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінде Қазақстанда Samsung, Lotte, Hyundai, LG және Kia сияқты компаниялар жұмыс істейді. Отандық экспортты ұлғайту және заманауи өндірістерде жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін Қазақстандағы корей өндірістерін кеңейтудің үлкен әлеуетін көріп отырмыз», - дейді ол.

Одан бөлек, Юрий Шин қазақ халқының корей халқымен ұқсастығын да атады.

«Егер біз жай ғана тілді алсақ, онда корейлерге орыс тілінен гөрі қазақ тілін үйрену оңайырақ. Өйткені айтылу жағынан екі тіл жақынырақ. Әрине, біз тек тілмен ғана емес, сонымен қатар экономикамызды мақтан тұту үшін Корея сияқты нақты ел құрғымыз келеді. Қазақстандық корей ретінде біздің ұлт бұл жерде 80 жылдан астам уақыт тұрады деп айта аламын. Қазақ мәдениетіне қоян-қолтық араласып, белсенді ықпалдасудамыз. Біз мұнда бейімделген ұлтпыз және бізге жайлы. Қазақстан – корейлер көбейіп келе жатқан жалғыз ел. Егер Орталық Азия елдерін алсақ, басқа мемлекеттерде корейлер саны азайды. Бұл Қазақстанның өмір сүруге жайлы және болашағымызды осында жоспарлап отырғанымызды көрсетеді», - деді корейлер қауымдастығының басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президенттер Қазақстан мен Корея өнерпаздарының гала-концертін тамашалады.