Қазақстан Қорғаныс министрлігінің курсанттары Арменияда референдумда дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM – Армения астанасында Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізу бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беру жүріп жатыр, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Мирас Қуандыков/Kazinform

Еревандағы Қазақстан дипломатиялық өкілдігінде орналасқан № 439 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Аталған учаскедегі сайлаушылар тізіміне Арменияда уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының 86 азаматы енгізілген.

Жергілікті уақытпен сағат 10:00-дегі жағдай бойынша дауыс беруге Қазақстанның жеті азаматы қатысты.

Фото: Мирас Қуандыков/Kazinform

Учаскеде алғашқылардың бірі болып дауыс бергендер қатарында Мхитар Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медициналық университетінде білім алып жүрген ҚР Қорғаныс министрлігінің курсанттары болды. Дауыс беруге барлығы төрт курсант қатысты.

Сайлау комиссиясы өкілдері атап өткендей, дауыс беру штаттық режимде және барлық қажетті прсәйкес процедуралар сақталып өтіп жатыр.

Айта кетелік, әлемнің 40-тан астам елінде референдум учаскелері жұмыс істеп жатыр. 

Осыған дейін Түркияда қазақстандықтар референдумға қатысып жатқанын жаздық. 

Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингіде Жаңа Конституция жастарға арналатынын мәлімдеді.