«Қазақстан» корпорациясы 2013 жылы 18 отандық телехикая шығарды

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасы 2013 жылды қорытындылады. Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның айрықша жобаларын атап өту мақсатында Ұлттық телеарна есімдері елімізге танымал режиссерлерді, актерлерді, журналистерді, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының қайраткерлерін марапаттады.

Шарада түрлі номинациялар бойынша ең үздік тележобалар анықталды. Олардың қатарында «Әпке», «Сұңқар», «Ұстаз», «Жедел жәрдем», «Ауыл сақшысы», «Олимп шыңы», «Көк тарландары», «Томпақ» және «Достар» сынды түрлі тақырыптарды қамтыған телехикаялар бар.

«Қоғамымыздағы әр түрлі тақырыптарды қамтыған телеөнімдерді шығару жұмысын осыдан біраз жыл бұрын, атап айтқанда 2009 жылы бастағанбыз. Егер біз сан жүзінде айтатын болсақ, сол кезде өздеріңізге жақсы таныс, 2014 жылы жалғасын табатын «Ағайынды» деп аталатын телесериал тұңғыш рет 6 бөлімнен тұратын өмірге жолдама алған екен. Содан басталған телесериалдардың шеруі бүгін ұзын саны 18-ге жетті. Ал бөлім саны - 624», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Басқарма төрағасы салтанатты шара барысында.

Биыл қараша айында телеарна корей және түрік телехикаяларынан толықтай бас тартып, отандық өнімдерге бет бұрды. Жаңа маусымда «Ұлжан», «Олимп шыңы», «Сұңқар», «Ауыл сақшысы» сынды телехикаялар көрермендерге жол тартты. Ал желтоқсан айында тұңғыш рет белгілі қазақ жазушысы Дулат Исабековтің туындысы негізінде түсірілген «Әпке» атты тағы бір отандық телехикаяның тұсаукесері өтті.

«Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты ұлтжандылықпен, отаншылдықпен, мемлекетшілдікпен жүзеге асыру жолындағы шығармашылық ұжымның үлкен еңбегінің нәтижесі», - деп атап өтті ол.

Айта кеткен жөн, соңғы бес жылда телеарна 30-ға жуық отандық телехикаяны көрермен назарына ұсынды.