Үкімет үйінде тілшілер «Бензин тапшылығы кезінде Қазақстан қандай да бір пайда көре ала ма? Қырғызстан, Тәжікстан немесе басқа да көрші әрі серіктес елдерге жанармай экспортын ұлғайту мүмкіндігі бар ма?» деген сұрақ қойды.
Вице-министр тек осы жағдайда емес, әртүрлі елдерден көмек көрсету немесе көрші мемлекеттерге жанар-жағармай жеткізу мүмкіндігін қарастыру жөнінде өтініштер тұрақты түрде түсетінін айтуда.
— Егер министрліктің атына осындай өтініштер түссе, біз ең алдымен ұлттық мүдде тұрғысынан қараймыз. Біз үшін бірінші кезектегі міндет — өз азаматтарымызды жанар-жағармаймен қамту, ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау. Ал егер өзара тиімді шарттар негізінде қандай да бір көлемде отынды шетелге жеткізу мүмкіндігі болса, оны қарастыруымыз мүмкін. Бірақ қазіргі таңда көрші елдерге жанар-жағармай жеткізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, — деп жауап берді Қайырхан Тұтқышбаев.
Оның айтуынша, қазір отынды сыртқа сатып, кейін еш ішінде жанармай тапшылығы туындаса, оның салдары ауыр болады. Сондықтан ішкі нарықта тапшылыққа жол бермеуге және халықты бензин мен дизель отынымен толық қамтамасыз етуге ден қойылмақ.
— Қазір елімізде жанармай тапшылығы жоқ. Әзірге көрші мемлекеттерге жанар-жағармай сату немесе жеткізу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Біз жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарының өндіріс жоспары мен ішкі тұтыну көлемін салыстырып, теңгерімін есептейміз. Жыл соңына дейін қандай да бір жанармай тапшылығы болады деп болжап отырған жоқпыз. Келесі жылға арналған өндіріс жоспары бекітілгеннен кейін де осы теңгерімді қайта қарап, қажетті қор көлемін қалыптастырамыз, — деді Энергетика вице-министрі.
Бұған дейін Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстан Ресейге гуманитарлық көмек жібереді деген ақпаратты жоққа шығарған еді.