Қазақстан қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 26 олимпиада жолдамасы бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы кезеңге дейін Қазақстан спорттың 8 түрінен 26 олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Бүгінгі таңда Рио-де-Жанейрода өтетін 2016 жылғы XXXI Жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуі мен сапалы дайындалуына қатысты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта спортшылар бокс, жеңіл атлетика, жүзу, байдаркада және каноэда ескек есу және тағы басқа спорттың 8 түрі бойынша, олимпиаданың 26 жолдамасын ұтып алды», - деп атап өтті А.Мұхамедиұлы министрліктің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, отандық спортшылар 2015 жылы жақсы спорттық жеңістерге қол жеткізе алды.

«Биыл премьер-лиганың «Астана» командасы Қазақстан тарихынында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өте алды. Қазақстан төрінде тұңғыш рет өткізілген дзюдодан әлем біріншілігінде біздің құрама 1 алтын, 1 күміс еншілеп, жалпы есепте 4-орынды иеленді. Тайландта өткен Азия чемпионатында бірінші орын алған Қазақстанның бокс құрамасы да бізді қуантты. Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан зілтеміршілері 3 алтын, 2 күміс жеңіп алды», - деді министр.