«Қазақстан 1995 жылдан бері Ислам ынтымақтастық ұйымының мүшесі. 2011 жылы маусымда Астанада өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38 сессиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұйым шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек жүйесін құру бастамасын көтерген болатын. Азық-түлік ресурстарын экспорттайтын мемлекет ретінде мұндай ұйымның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыру ұсынылған еді. Осы ұсынысты ИЫҰ-ның барлық мүшелері толықтай қолдады. Бүгінгі таңда 32 мемлекет бұл Ұйымның жарғысына қол қойды, оның ішінде 8 мемлекет ратификациялады. Ұйым жарғысының 21 бабы 1 тармағына сәйкес, құжатқа 12 мемлекет қол қойғаннан кейін, ол алдын ала қолданылуы тиіс, яғни жұмысты бастай беруіне болады», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Оның сөзіне қарағанда, қабылдаушы ел ретінде Қазақстан Ұйым хатшылығы орналасуы үшін кеңсе береді. Қалыптасқан халықаралық тәжірибеге сәйкес, сондай-ақ бастаманы ілгерілету мақсатында Ұйым хатшылығы қызметінің алғашқы 3 жылындағы шығындарын қаржыландыру үшін Қазақстан ерікті жарналар ретінде жыл сайын 749 мың АҚШ долларын бөліп отыр.
Ұйымды құру және оның штаб-пәтерін Астанада орналастыру еліміздің азық-түлік өнімдерін экспорттау әлеуетін арттыру бойынша ұтымды қадамдарға қол жеткізеде. Осы орайда Ұйым аясында қосымша 1 млн тонна астық экспорттау мүмкіндігіне, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға, азық-түлік өнімдерін өндіруге тікелей инвестициялар тартуға жол ашылады.