Оның айтуынша, былтыр крипторезервке 350 млн доллар бөлінген, ал биыл оған тағы 350 млн доллар бағытталған. Дегенмен, қаражат толығымен инвестицияланған жоқ. Портфельді Ұлттық банктің еншілес ұйымы — Ұлттық инвестициялық корпорация басқарады. Қаражат активтердің әр түріне бөліп орналастырылады.
— Бүгінде шамамен 200 млн доллар көлемінде қаражат инвестицияланды деп ойлаймын. Бұл инвестициялар негізінен криптонарықтардағы өтімділікті басқаратын түрлі хедж-қорларға бағытталды, — деді Бинұр Жаленов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәлихатында.
Бұл ретте ол бүкіл сома бір ғана криптовалютаға салынбайтынын атап өтті.
— Басқаша айтқанда, бұл тек бір ғана криптовалюта емес, нарық жағдайына қарай биткоин, Solana және басқаларын қамтитын криптовалюталар жиынтығы. Біздің басты мақсатымыз – жай ғана бикоин ұстап отыру емес, ең тартымды әрі табыс әкелетін активтерді таңдау», – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысының орынбасары
Жыл басында Қазақстан Ұлттық крипторезервке 700 млн долларға дейін инвестиция салатынын жазған едік.