Қазақстан Кубогының 1/8 финалы: «Қайрат» ­- «Шахтер» 4:0

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жаңа ғана Алматының Орталық стадионында Қазақстан Кубогының 1/8 финалдық кезеңі аясында «Қайрат» футбол командасы мен Қарағандының «Шахтер» футбол клубының кездесуі аяқталды. Аса тартысты өткен матчта алматылықтар қарсыластарын 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Командалар жасыл алаңға мынадай құрамда шыққан болатын:

«Қайрат» ФК: Владимир Плотников, Ермек Қуантаев, Тимур Рудосельский, Жарко Маркович, Лукаш Тесак, Анатолий Тимощук, Михаил Бакаев, Бауыржан Исламхан, Андрей Аршавин, Исаэл Барбоза, Гаэль Тавамба.

Запастағылар: Андрей Сидельников, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев, Виталий Ли, Станислав Лунин, Мадияр Райымбек, Ділшат Мұсаев, Салман Хабаев.

«Шахтер» ФК: Ярослав Багинский, Корнелис Уббинк, Роберт Арзуманян, Иван Садовничий, Эрфан Зенели, Моштаг Ягуби, Евгений Горячий, Қуаныш Ермеков, Андрей Финонченко, Мақсат Байжанов, Сергей Скорых

Запастағылар: Сергей Ткачук, Айбар Нұрлыбеков, Григорий Дубков, Владислав Васильев, Игорь Пикалкин, Айдос Тәттібаев.

Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, батыл шабуылға көшті. Негізінен «қайраттықтар» қарсыластардың қақпасын айып алаңының сыртынан нысанаға алуға тырысты. Бірақ, бұл нәтиже бермеді. Қонақтар да қапысын тауып қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысып бақты.

Бұл жерде қақпашылардың шеберлігін айта кеткен жөн. Плотников та, Багинский де қақпаға тебілген доптарды дарытпады. Сәйкесінше, бірінші таймда есеп ашылмады.

Екінші таймда алаң иелері қарсыластарға қысым көрсетіп, шабуылды барынша үдетті. Ойынның 67-ші минутында «қайраттықтардың» есеп ашуға тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ, оң қапталдан айып алаңына ентелей кірген Ермек Қуантаевтың бірнеше метр жерден тепкен добы қақпадан қиыс кетті.

Алма-кезек шабуылдардың бірі алматылықтар үшін сәтті аяқталды. Қорғаушыдан допты тартып алып, сол қапталдан айып алаңына енген Гаэль Тавамба қақпашыны қапыда қалдырды. Көп ұзамай Андрей Аршавиннің орнына алаңға шыққан Исламбек Қуат оң қапталдан айып алаңының сыртынан допты бар пәрменімен жер сыздыра теуіп, қақпада тулатты. Есеп 2:0. Ойын аяқталуға 3 минут қалғанда Исаэль Барбоза есепті 3:0-ге жеткізсе, 1 минут қалғанда Аслан Дарабаев 4:0-ге жеткізді. Осылайша, «Қайрат» командасы Қарағандының «Шахтер» командасын 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетелік, биыл Қазақстан Кубогында аздаған өзгерістер орын алды. Сөйтіп, биыл ол жаңа форматта өткізіліп жатыр. Турнирде бірінші болып, 3 топқа бөлініп, бірінші лига командалары ойнады. Топ жеңімпаздары 1/8 финалға автоматты түрде өтті. Тағы бір команда қосымша көрсеткіштері арқасында өтті.