АСТАНА. KAZINFORM — 14 наурызда Паттайя қаласында (Таиланд) BNP PARIBAS WORLD TEAM CUP – командалық әлем чемпионаты Азия аймағының іріктеу кезеңі басталды.
Іріктеу бәсекесіне алғаш рет Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы қатысады. Қазақстан теннис федерациясы 2022 жылы елімізде арбадағы және адаптивтік теннисті тарату және дамыту ісін бастаған еді. Қысқа уақыт ішінде ұлттық құрама жасақталды.
Әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан намысын мына спортшылар қорғайды.
Ерлер:
Дастан Ниязов (Ақтөбе),
Дінмұхамед Әлиякпаров (Астана),
Қайнар Нұрлыбек (Астана).
Әйелдер:
Айшуақ Жетпісова (Қарағанды),
Айжан Бітімбаева (Қарағанды),
Айгүл Бердешева (Ақтөбе).
Кеше жеребе тартылып, Қазақстан құрамасы С тобына түсті. Онда Малайзия және Ирак командаларымен ойнайды.
Қазақстан әйелдер құрамасы бір ғана топта Оңтүстік Корея, Таиланд және Үндістан теннисшілерімен сынға түседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).