Қазақстан құрамасы ТМД чемпионатында жалпы командалық есепте екінші орын алды

АСТАНА.KAZINFORM - Ресей Федерациясында армия қоян-қолтық ұрысынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының чемпионаты өтті. Сайысқа ТМД-ға мүше елдер қарулы күштерінің құрама командалары сапындағы кіл мықты спортшылар қатысты. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің құрамасы бірінші орын иеленді. Екінші орынды Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрамасы, үшінші орынды Беларусь Республикасы Қарулы күштерінің құрамасы олжалады. Төртінші орын Өзбекстан Республикасына, бесінші орын Қырғызстан Республикасына, алтыншы орын Тәжікстан Республикасына бұйырды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы күштерінің өкілдерінің қоржынында алты медаль: үш алтын, бір күміс және екі қола.
Чемпионатта қатардағы жауынгер Қасымбай Мұхит (65 келіге дейін), лейтенант Ержан Олжас (70 келіге дейін), майор Вадим Федосеев (75 келіге дейін) жеңіске жетті. 80 келіге дейінгі салмақта ефрейтор Дархан Дабылбек күміс жүлделі болды. Қола жүлде алғандар: сержант Досқали Әшіров (85 келіге дейін), сержант Еламан Қуатов (85 келіден жоғары).

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов спортшылар мен жаттықтырушылар штабын нәтижелі жетістіктерімен құттықтады.

– Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы армия қоян-қолтық ұрысынан ТМД чемпионатында лайықты жекпе-жек көрсетті. Достастықтың ең мықты командалары арасында екінші жалпы командалық орын және жеңіп алған алты медаль біздің әскери қызметшілеріміздің жоғары дайындығының, кәсібилігінің, батылдығы мен мықты рухының айқын дәлелі. Сіздер Қазақстанның Қарулы күштерін намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап, отандық армия қоян-қолтық жекпе-жек мектебінің беделін көрсеттіңіздер. Спортшыларға, жаттықтырушыларға және осы жетістікке үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Еліміздің атынан жаңа жеңістерге жете беріңіздер, – деді Спорт комитетінің төрағасы.

Армия құрамасының жемісті өнер көрсетуі әскер спортшыларының дайындық деңгейі жоғары және оларды оқытудың қолданыстағы жүйесінің тиімді екенін айқындады.

Айта кетейік, Қарулы күштер тарихында тұңғыш рет киберқауіпсіздік офицерлері түлеп ұшты.