Қазақстан құрамасы United Cup турнирінің финалынан тыс қалды

Фото: Фото: sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен Қазақстан құрамасы Сиднейде United Cup турнирінің жартылай финалында Польшамен кездесті.

Кортқа бірінші болып дүниежүзілік рейтингіде 78-орында тұрған Александр Шевченко мен әлемнің 16-ракеткасы Хуберт Хуркач шықты.

Поляк теннисшісі бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Бұдан кейін рейтингіде 6-сатыдағы Елена Рыбакина мен әлемнің 2-ракеткасы Ига Швентекке кезек келді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта Швентек басымдылық танытты — 7:6 (7:5), 6:4.

Осылайша, 2:0 есебімен алға шыққан Польша екінші рет қатарынан финалға жолдама алды.

Олар өткен жылы финалда Германияға есе жіберген еді.

Биыл Германияны ұтқан Қазақстан алғаш рет жартылай финалға шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Қазақстанның жартылай финалдағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.