Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан Паралимпиаданы бесінші орынмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы отырып ойнау волейболынан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарын бесінші орынмен аяқтады.

Фото: Мейіржан Амангелдиев

Ел құрамасы бесінші орын үшін сайыста Бразилиямен кездесті. Алғашқы екі кезеңде қазақстандық спортшылар қарсыласын (25:19) айқын басымдықпен жеңген еді. Үшінші кезең екі құрама арасында тартысты өтті. Десе де ел құрамасы тағы да 25:19 есебімен басым түсіп, дүбірлі доданы бесінші орынмен аяқтады. Осылайша жалпы есепте қарсыласын 3:0 есебімен жеңді.

Қазақстандық спортшылар А тобында Франция, Босния және Герцоговина, Египетпен сынға түсті. Алдымен Францияны 3:0 есебімен жеңіп, одан кейін Босния және Герцоговинаға 2:3, Египетке 1:3 есебімен есе жіберді.

Ал 7-орын сайыста Украина құрамасы Францияны 3:0 есебімен жеңді. Енді 5 қыркүйекте жартылай финалда Босния және Герцоговина - Германия, Иран - Египет шеберлік байқасады.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Еске салсақ, қазірге дейін қазақстандық спортшылар 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалады.