Қазақстан құрамасының Азия чемпионатына қатысатын құрамы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабы Азия чемпионатына арналған команда құрамын анықтады.

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Турнир 5-8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтеді,.

Негізгі тізімде 23 хоккейші бар. Тізімге 20 ойыншы және 3 қақпашы енгізілген.

Қазақстан құрамасының тізімі

Қақпашылар: Антон Осокин, Сергей Кудрявцев (екеуі де - «Торпедо»), Владислав Нурек («Номад»);

Қорғаушылар: Степан Александров, Данил Бутенко, Фёдор Хорошев (бәрі - «Торпедо»), Артем Королев, Александр Макаров, Кирил Никитин, Руслан Тусупбеков (бәрі - «Номад»), Эдуард Михайлов («Сарыарқа»);

Шабуылшылар: Артур Гатиятов, Дмитрий Гренц, Диас Гусейнов, Саян Данияр, Максим Мұхаметов (бәрі - «Торпедо»), Артур Гросс, Абай Маңғысбаев, Александр Мигунов, Никита Мерзликин (бәрі - «Номад»), Александр Борисевич («Сарыарқа»), Евгений Рымарев («Алматы»), Оскар Юлбарисов («Горняк»).

Қазақстанның хоккей федерациясы алдағы турнирге қатысатын ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабын жариялады. Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін «Барыс» командасының өкілі Талғат Жайлауов атқарады.

Бапкердің көмекшілері ретінде клуб жүйесінің өкілдері Константин Пушкарев пен Роман Старченко жұмыс істейді. Сонымен қатар штаб құрамына қақпашылар бапкері Александр Смелянец, дене дайындығы жөніндегі бапкер Игорь Елисеев және видео бапкер Владислав Белан енгізілді.

Ойындар кестесі (Қазақстан уақытымен)

5 қараша, 12:00. Жапония - Қазақстан

7 қараша, 13:30. Қазақстан - Қытай

8 қараша, 13:30. Қазақстан - Оңтүстік Корея.

Талғат Жайлауов қазір «Барыс» командасының жаттықтырушылар штабында қызмет етеді. Мұнда ол бұған дейін де 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін жұмыс істеген. 2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында, сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды. Хоккейші ретінде жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетті.

Ересектер құрамасында 2006 жылы дебют жасап, 9 әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу турниріне және 2007, 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатысты. IIHF аясында 59 ресми матч өткізген. Әр жылдары өзі түлеп ұшқан клубы «Қазцинк-Торпедо», «Барыс» және «Номад» командаларында ойнады. Ойыншы ретіндегі мансабын 2020 жылы Қарағандының «Сарыарқа» клубында аяқтады.

Еске салсақ, шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.