Қазақстан құрамасы Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан оқ ату спортынан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында кезекті медаль жеңіп алды.
Алтын жүлдені Асылым Жақия иеленді. Қазақстандық спортшы 25 метр қашықтықтан стандартты шағын калибрлі тапаншамен оқ атудан 554 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды.
Екінші орынды 552 ұпаймен үндістандық Шауля Дилип Бхарне иеленді. Үздік үштікті тағы бір Үндістан өкілі Рия Дуггал (552 ұпай) түйіндеді.
Айта кетейік, Жақияның алтын медалі Қазақстан құрамасының осы әлем чемпионатындағы үшінші жүлдесі болды. Бұған дейін стенд атудан әйелдер құрамасы «трап» дисциплинасында алтын медаль жеңіп алса, Ринат Казаченко нысана көздеуден күміс жүлдеге қол жеткізген еді.
Айта кетелік стенд атудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алған еді.