Қазақстан құрамасының мүшесі Астанадағы ЖИ олимпиадасына дайындық қалай екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының (IOAI-2026) қатысушысы Әбу Қанабек команданың жарысқа қалай дайындалғанын айтып берді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оныншы сынып оқушысының айтуынша, биыл олимпиадаға дайындық бұрынғыдан әлдеқайда қарқынды өткен. Республикалық кезеңнен кейін үздік 15 оқушы іріктеліп, ұлттық құраманы жасақтау үшін арнайы дайындық сабақтары ұйымдастырылған.

— Биылғы олимпиадаға дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Республикалық олимпиададан кейін үздік 15 қатысушы іріктеліп, халықаралық олимпиадаға қатысатын құрамды анықтау үшін оқу-жаттығу сабақтары өтті. Ол шамамен 10–11 күнге созылды. Сол уақытта түрлі есептер шығардық, жаңа тақырыптарды меңгердік, оқытушылардың дәрістеріне қатыстық, - деді Әбу Қанабек.

IOAI-2026 олимпиадасында Қазақстанның намысын сегіз оқушы қорғайды. Әбу Қанабектің айтуынша, ұлттық құрама жарыс басталғанға дейін шамамен бір апта бұрын Астанаға келіп, қосымша дайындықтан өткен.

— Біз басқа командалардан ертерек келіп, жаңа тақырыптарды қайталап, тапсырмаларды талдадық. Бұл олимпиаданың ерекшелігі – home task деп аталатын алдын ала берілетін тапсырма бар. Бірінші турдың тапсырмалары соның жалғасы болғандықтан, оны жан-жақты түсіну маңызды. Сондықтан біз сол материалдарды да егжей-тегжейлі қарастырдық, - деді ол.

Әбу Қанабек үшін бұл – халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына екінші рет қатысуы. Өткен жылы да ол Бейжіңде өткен осы додада Қазақстан атынан сынға түскен.

Оның айтуынша, биыл ұлттық құраманың құрамы біршама өзгергенімен, өткен жылғы команданың бірнеше мүшесі биыл да ел намысын қорғауға мүмкіндік алған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы жасанды интеллект бойынша өткен алғашқы Орталық Еуропа олимпиадасында — EUROAI 2026 жарысында табысты өнер көрсетіп, төрт медаль, атап айтсақ бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде иеленген еді.