Қазақстан құрамасы Болгария спортшыларымен жолдастық кездесу өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы 2018 жылдың 26 наурызы күні Болгариямен жолдастық матч өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Ойын Венгрияның Фельчут қаласындағы «Панчо Арена» стадионында өтеді. Матч жергілікті уақытпен 18:00-де басталады.

«Болгария құрамасы ФИФА рейтингінде 42-орында тұр. Команданы белгілі болгариялық маман Петар Хубчев жаттықтырады. Қарсылас команданың құрамында Ивелин Попов («Спартак», Мәскеу, Ресей), Георгий Миланов (ЦСКА, Мәскеу, Ресей) Николай Бодуров (ЦСКА, София), Александр Тонев («Кротоне», Италия) сынды тәжірибелі ойыншыларды атап өтуге болады», -делінген хабарламада.

2013 жылы екі құрама Алматыда жолдастық матч өткізген болатын. Сол ойында Болгария 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Қазақстан құрамасынан гол соққан футболшы - Димитрий Шомко.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан құрамасы Венгриямен жолдастық кездесу өткізетіні хабарланған болатын. Ол матч 23 наурыз күні Венгрия астанасы Будапештте «Групама Арена» стадионында өтеді.


Фото: kff.kz