Үш күнге созылған дүбірлі додада Қазақстан құрамасының спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, жалпы командалық есепте жарысты екінші орынмен аяқтады.
Жарыстың алғашқы күнінде татамиге шыққан жеті дзюдошымыздан Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) пен Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) екеуі турнир жеңімпазы атанып, қос алтынды қоржынға салса, Азамат Мұқанов (66 кг) пен Севера Нышанбаева (57 кг) жұбаныш белдесуінде қарсыластарына есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтады.
Жарыстың екінші күнінде ерлер - 73 кг және 81 кг , әйелдер - 63 кг және 70 кг салмақта өзара мықтыларды анықтады. Жарыстың екінші күнінде де Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалмады. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен бұрымды балуанымыз Мариан Урдабаева финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, соңғы сында сүрініп, күмісті місе тұтты.
«Grand Prix» турнирінің соңғы күнінде Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті. 100 келіге дейінгі салмақта белдескен тәжірибелі балуанымыз Максим Раков турнирдің күміс жүлдегері атанса, қыздарымыздан 78 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Зарина Райфова мен Альбина Амангельдиева қос қола медаль иеленді.
Айта кетейік, 7-9 сәуір аралығында Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық «Grand Prix» турниріне Қазақстан құрамасынан қатысқан 22 дзюдошымен қатар, 34 елден 252 спортшы қатысты.