Қазақстан құрамасы өз алаңында Даниядан ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматының «Орталық» стадионында өткен Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы кездесу қонақтардың пайдасына шешілді. Есеп - 1:3.

Бұл 2018 жылы Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатына іріктеу турнирінің 6 туры болатын.

Ойынның 27-минутында Дания құрамасының шабуылшысы Николай Йоргенсен есеп ашқан болатын. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Қазақстан командасының капитаны Бауыржан Исламхан алаңнан қуылды. Шынтағы қарсыласының бетіне тиім кеткені үшін ресейлік төреші Владислав Безбородов Бауыржанға бірден «қызыл қағаз» көрсетті.

Екінші тайм басында, ойынның 51-минутында Қазақстан құрамасының қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленіп, даниялықтардығ жарқын жұлдызы Кристиан Эриксен пенальтиден мүлт кетпеді.

Қазақстан құрамасы сапында Исламбек Қуат 76-минутта есеп айырмасын қысқартып, жанкүйерлер жүрегіне үміт отын жағып еді, алайда көп ұзамай даниялықтар үшінші допты соғып, жергілікті футбол сүйер қауымның қуанышын су сепкендей басты.Голдың авторы - Дольберг.



Исламбек Қуаттың голы.

Осылайша, Қазақстан құрамасы екі ұпаймен соңғы орында қалды. Ал 10 ұпай еншілеген Дания топта екінші орынға көтерілді.

Командалардың құрамы:

Қазақстан: Лория, Қуат, Ахметов, Исламхан, Жуков, Мұжықов, Нұрғалиев (Бейсебеков, 56), Сүйімбаев, Нөсербаев (Түңғышбаев, 75), Шомко (Вороговский, 67), Логвиненко.

Дания: Реннов, Вестергор, Кьер, Дурмиси, Квист (Шене, 46), Дилейни, Йоргенсен, Эриксен, Брейтвейт, Стрюгер-Ларсен (Дальсгор, 82), Поульсен (Дольберг, 68).