Қазақстан құрамасы Стоичков пен Маниш командаларымен жарысқа дайындалып жатыр
«Қазақстан командасы EXPO 2017 Football Cup шарасына жан-жақты дайындалып жатыр. Борис Глушковтың қарамағындағы футболшылар күннің аптап ыстығына қарамастан дайындық жүргізуде», - деп жазды ұйымдастырушылар.
Бұған дейін хабарланғандай, «EXPO 2017 Football Cup-қа» 6 команда: Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия және Әлем құрама командасы қатысады. Форматы бойынша аталған турнир құрамы 5 алаң ойыншысы және 1 қақпашыдан тұратын «Аңыздар кубогына» ұқсас.
Айта кету керек, турнир барысында өз ойынымен белгілі футболшылар жанкүйерлерін қуантатын болады (Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Христо Стоичков, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов және басқалар).
Бас төреші - Массимо Бузакка (Италия). Төрешілер бригадасы Ресейден келеді. Қазақстан құрамасының намысын құрамына Олег Воскобойников, Игорь Авдеев, Андрей Карпович, Қайрат Әубәкіров, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұмасқалиев және Андрей Финонченко кіретін отандық футбол ардагерлері қорғамақшы.
5 тамыз күні сағат 12.00-ден 18.30-ға дейін ашылу салтанаты мен топтық кезең матчтары өтеді.
6 тамыз күні сағат 14.30-дан 17.30-ға дейін плей-офф сериясындағы матч пен марапаттау рәсімі өтеді.
Бұдан өзге, 4 тамыз күні ЭКСПО-2017 алаңындағы Амфитеатр сахнасында футбол жанкүйерлерінің командалармен кездесуі ұйымдастырылып, жанкүйерлердің футбол жұлдыздарымен фотоға түсіп, қолтаңба алуына мүмкіндік туады.
6 тамыз күні сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін балалар және жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне ойыншылардың қатысуымен шеберлік сыныптары ұйымдастырылмақшы.