АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Александр Марочкин елордалық «Астана» сапын толықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» футбол клубынан мәлім еткеніндей, А.Марочкин кәсіпқой мансабын 2012 жылы «Іле-Сәулеттен» бастады.
Александр Марочкин «Қайсар», «Оқжетпес», «Тобыл» командаларында доп тепті.
Футболшы Қазақстан құрамасы сапында 34 кездесу өткізді. 32 жастағы қорғаушы «Астана» сапында 22 нөмірмен өнер көрсететін болады.
Биылғы маусымда А.Марочкин «Тобыл» құрамында премьер-лигада 14 матчта бір нәтижелі пас берді.
Астаналықтар 12 шілде күні өз алаңында Еуропа чемпиондар лигасында алғашқы кездесуін «Динамо» (Тбилиси) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайықтың» «Түркістанды» тізе бүктіргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).