Қазақстан күрес федерациясына жаңа басшы келді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін «грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жылдық қорытынды Конференция отырысы өтті.
Отырыста 2025 жылғы жұмыс қорытындылары, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері, 2026 жылға арналған міндеттер талқыланды, сондай-ақ федерация президентін сайлау өтті.
Алқалы жиында конференция қатысушыларының шешімімен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Еркін Оқасов сайланды.
Талай жыл табанды еңбек етіп, осы уақытқа дейін федерация президенті қызметін атқарған Дәулет Болатұлы Тұрлыхановқа алғыс айтылды.
- Күрестің туын түсірмей, қазақ спортын әлемге асқақтата беру үшін бар күш-жігерімді саламын. Сенім білдірген барша жандарға мың алғыс және өздеріңіздің қолдауларыңыз арқылы талай белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін, - деді Еркін Оқасов.
Еркін Оқасов – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Кәсіпкер, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Осы уақытқа дейін «Qazaq kuresi» қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарды.