Астанада өткен «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс — 2027: Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты сарапшылық талқылауда Эльдар Ғұмаров елдегі құрылыс индустриясының қазіргі жағдайы мен отандық өндірісті дамытудың мүмкіндіктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс материалдарын шығаратын едәуір өндірістік база қалыптасқан. Қазір цемент, арматура, металл конструкциялары мен темірбетон бұйымдарына деген қажеттіліктің басым бөлігі ел ішінде өтеледі. Жиһаз өндірісі де дамыған.
— Дегенмен өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандар салу үшін құрылыс материалдары ғана жеткіліксіз. Мұндай жобаларға инженерлік жүйелер, технологиялық жабдықтар, электр техникасы, өндірісті автоматтандыру құралдары мен арнайы химиялық өнімдер қажет. Сондықтан алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары отандық кәсіпорындардың күрделі технологиялық өнімдерді игеруіне мүмкіндік беруі тиіс, — деді басқарма төрағасы.
Эльдар Ғұмаровтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы құны шамамен 2,3 триллион теңге болатын 190 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылған. Осы жобалар аясында бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнімдердің 10-нан астам түрін шығару қолға алынған.
— Алдағы уақытта жекелеген жабдықтарды шығарумен шектелмей, тұтас технологиялық жүйелерді өндіруге көшу қажет. Ол үшін мемлекет жоспарланған инфрақұрылымдық жобаларға қандай жабдықтар мен материалдар қажет болатынын бірнеше жыл бұрын анықтауы керек. Бұл шетелден сатып алынатын өнімдердің қайсысын Қазақстанда өндіруге болатынын бағалауға мүмкіндік береді, — деді спикер.
Сондай-ақ Эльдар Ғұмаров отандық кәсіпорындарды ұзақмерзімді тапсырыспен қамтамасыз ету үшін офтейк-келісімшарттарды пайдаланудың маңызын айтты. Оның пікірінше, жаңа өндірістер ішкі нарықтың қажеттілігін өтеп қана қоймай, Орталық Азия елдерінде де бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
Айта кетейік, 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. QazIndustry бұл қаржы есебінен жүзеге асатын жобалар отандық өнеркәсіптің дамуына да серпін беруі керек деп есептейді.
Еске салайық, бұған дейін аталған жиынға қатысқан «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев елде ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында тұрғындардың мүддесін қорғауға арналған жаңа кепілдік тетігі іске қосылатынын айтқан еді.