Қазақстан құтқарушылары Ауғанстандағы жұмыстарды аяқтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ауғанстанға жіберілген қазақстандық 45 құтқарушы елге оралуға дайындалуда, деп хабарлайды Кazinform.
«Бөлінген учаскедегі іздестіру-құтқару жұмыстарының толық көлемінің аяқталуына байланысты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілген қазақстандық құтқарушылар жасағын қайтару шешімі қабылданды», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратында.
Мәлім етілгендей, Ауғанстанда құтқару жұмыстары басталғаннан бері Қазақстан құтқарушылары қаза тапқан 1 баланың денесін алып шықты, жергілікті 80 тұрғынға медициналық көмек көрсетті, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді, Наиброфи елді мекеніндегі қираған 700 үйдің учаскесін тексеріп шықты.
«Сонымен қатар құтқарушылар қатты шаңды дауылдан қираған шатырлы қаланы тексерді. Жергілікті биліктің өтініші бойынша қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлердің жедел тобы дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлесіп 9 шатырлы қалашықтың орналасу орындарын тексерді», - деп нақтылады министрліктен.
Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдарын қайтару 14 қазанға жоспарланған.
Еске салайық, 10 қазанда Қазақстанның 45 құтқарушысы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға аттанған болатын. Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйінді бөлшектелген болатын. Кейін құтқарушылар үйінділер астынан 5-6 жасар баланың мәйітін алып шықты.
Сондай-ақ кеше, 11 қазан күні Қазақстан халқының атынан гуманитарлық көмектің алғашқы легі тиелген арнайы ұшақ Ауғанстанның Герат әуежайына қонған болатын. Бұл туралы оқиға орнынан Кazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай хабарлады.
7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында 6,3 балдық жер сілкінісінен 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алды.