Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 27-отырысында қаралды.
Қазіргі уақытта Euroclear/Clearstream халықаралық депозитарлық жүйелері арқылы шетелдік инвесторлардың Қазақстанның квазимемлекеттік сектор облигацияларына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндігі пысықталып жатыр. Мұндай бағалы қағаздардың негізгі ұстаушылары бейрезиденттер болады деп болжанып отыр.
Алайда қолданыстағы салық заңнамасында Қазақстан қор биржасында сатып алынған бағалы қағаздар кейін биржадан тыс сатылған жағдайда олардың құнының өсуінен түсетін табысқа салық салу мәселесі толық реттелмеген.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бейрезидент Қазақстан қор биржасында квазимемлекеттік сектор облигацияларын сатқан жағдайда олардың құнының өсуінен түскен табыс салықтан босатылады.
– Алайда осы бағалы қағаздарды кейіннен Қазақстан қор биржасынан тыс сату кезінде заңнамада дәл осындай тәсіл қарастырылмаған, – деді Әлия Молдабекова.
Бұл мәселе халықаралық депозитарлық инфрақұрылым арқылы жүргізілетін операциялар көлемінің артуына байланысты өзекті болып отыр.
Euroclear/Clearstream жүйелеріндегі бейрезиденттер арасындағы мәмілелер қазақстандық сауда және есеп айырысу инфрақұрылымы арқылы өтпейді. Ал бейрезиденттер мен қазақстандық нарық қатысушылары арасында биржадан тыс, яғни OTC мәмілелері жасалған кезде қор биржалары арқылы ұйымдастырылған нарықтағы операцияларға берілетін салықтық жеңілдік қолданылмайды.
Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің айналыстағы теңгелік облигацияларының көлемі шамамен 17,6 трлн теңгені құрайды.
2026 жылдың сегіз айындағы мемлекеттік бағалы қағаздар көлеміндегі бейрезиденттердің орташа үлесі 8,1% болғанын ескерсек, олардың квазимемлекеттік сектор облигацияларына салымдарының әлеуетті көлемі шамамен 1,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Осылайша, биржалық және биржадан тыс операцияларға қолданылатын салық режимдерінің айырмашылығы шетелдік инвесторлар үшін қосымша кедергі туғызып, халықаралық депозитарлық инфрақұрылым арқылы квазимемлекеттік сектор облигацияларының айналым әлеуетін шектеуі ықтимал.
Талқылау қорытындысында жобалық кеңес мүшелері Қазақстан қор биржасынан тыс жасалатын тиісті мәмілелер кезінде бағалы қағаздар құнының өсуінен түсетін табысты салықтан босату тәсілін жалпы қолдады.
Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп салық заңнамасына қажетті нақтылауларды пысықтайды. Жұмыс нәтижелері туралы нарық қатысушыларына қосымша ақпарат беріледі.
Айта кетейік, жерасты суын пайдаланатын шаруаларға салық азаюы мүмкін.