Қазақстан қылмыстық істердегі өзара көмек туралы америкааралық конвенцияға қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Конвенция 1992 жылы 23 мамырда Нассауда жасалған. Құжатқа сәйкес, қатысушы мемлекеттер тергеп-тексеруде, қылмыстық қудалауда және сұрау салушы мемлекеттің көмек туралы сұрау салуы кезінде юрикдикциясы бар қылмыстарға жататын іс-әрекеттерде бір-біріне өзара көмектер көрсетеді.

«Бұл - конвенция екіжақты емес, көпжақты құжат. Оған америкалық Канада, Мексика, Бразилия, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Аргентина, Чили, Ямайка секілді 26 мемлекет қосылған. Бұл конвенцияны қабылдасақ, онда қылмыстық істер бойынша Қазақстан аталған 26 мемлекетпен өзара көмектер көрсетуге бірден мүмкіндік алады. Яғни, Конвенцияға қосылу үшін Қазақстанға әрбір мемлекеттің жеке келісімі керек емес. Сонымен қатар, аталған конвенция - ашық құжат. Алдағы уақытта қосылатын мемлекеттер саны да көбеюі мүмкін», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов.

Оның сөзіне қарағанда, құжаттың шеңберінде құқықтық көмек беру, тергеу амалдарын жүргізу, активтерді мемлекетке қайтару шаралары да қамтылып отыр. Қылмыскердің мүлкін іздеп табу, оны тәркілеу қағидаттары да реттеледі. Құжатта көмек көрсетуден бас тарту қағидаттары да қамтылған. Мәселен, мемлекеттердің тергеп-тексеруі жеке адамның немесе адамдар тобының жынысы, нәсілі, әлеуметтік жағдайы, ұлты, діни сенімі, идеологиясы бойынша қылмыстық қудалау, жазалау мақсатында басталған болса, одан бас тартылуы мүмкін.

Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.