Қазақстан Қырғызстан экономикасына 1 млрд доллардан астам қаржы салды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты қатынастардың жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ-қырғыз қатынастарының маңызды басымдығы ретінде ортақ шекараның болуын, ретке келтірілген көліктік инфрақұрылымды және ЕАЭО-дағы серіктестікті атап өткен жөн. Осының арқасында, Қазақстан Қырғызстанның алдыңғы қатарлы сауда серіктестерінің біріне айналды», - деді Мемлекет басшысы Жоғары мемлекетаралық кеңестің бесінші отырысында.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қырғызстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Біздің тауар айналым үшінші жыл қатарынан тұрақты өсімді байқатып отыр. 2015 жылдан 2018 жыл аралығында өзара сауда көлемі 30 пайызға өсіп, 900 млн долларды құрады. Қазақстан ең ірі инвесторлардың бірі болып отыр, яғни қырғыз экономикасына 1 млрд доллардан астам қаржы салды», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

«Қазақ инвесторлары тау-кен, қайта өңдеу, құрылыс, сауда, банк секторында, телекоммуникация саласында қамтылған. Олар Қырғызстанның әлеуметтік өміріне белсенді қатысып, жұмыс орындарын құруда, сондай-ақ қаржы мен технологияның тартылуын ынталандырып келеді. Сондықтан Қырғызстан Үкіметі алдағы уақытта да қолдау білдіріп, қазақ инвесторларының қызметіне қолайлы жағдай жасауды жалғастырады деп үміттенеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда қырғыз кәсіпкерлерінің қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

«Бауырластық рухында шекаралас өңірлерде ынтымақтастық дамып келеді. Олардың үлесіне екіжақты тауар айналымының 50 пайызы тиесілі және бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Осы жетістіктердің барлығы біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың ерекше мәртебесін тағы да дәлелдеп отыр», - деді Мемлекет басшысы.