Қазақстан Қырғызстандағы азаматтық қақтығыстың алдын алды - Елбасы

әуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Қырғызстандағы азаматтық қақтығыстың алдын алды. Бұл туралы бүгін Ақордадағы брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Біз елдің оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы қақтығысқа ұласып бара жатқан Қырғызстандағы азаматтық қақтығысты болдырмадық деп есептеймін», деді Елбасы өз сөзінде. Осы орайда Президент Қазақстан ЕҚЫҰ-ның атынан және Вашингтондағы ядролық қарусыздану саммиті кезінде Қырғызстандағы жағдайға алаңдаушылық білдірген мемлекет басшыларының атынан жақсы миссияны орындағанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгінгі брифингте Н. Назарбаев Қазақстан Қырғызстанның уақытша Үкіметімен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери әуе күштерінің ұшағы Құрманбек Бәкиевті және оның отбасын сәуірдің 15-і күні Қырғызстан аумағынан алып шығып, Қазақстанға әкелгенін айтты. Нөмірі 4-ші борт кеше сағат 18.30-да Алматыдан ұшып шығып, 19.15-те Жалалабадқа қонған. Ал сағат 20.15-те Бәкиев және оның отбасы мінген ұшақ Қазақстанға келіп қонған.