Қазақстан Қырғызстанға ұзақ уақыт бойы астық пен мазут жеткізіп тұру жөнінде келісті

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Қырғызстанға ұзақ уақыт бойы астық пен мазут жеткізіп тұру жөнінде келісті.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің бірінші отырысынан кейінгі брифингте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз бүгін бірқатар принципті мәселелерді талқылап, келісімге келдік. Біз қазақ астығы мен мазутын бауырлас қырғыз еліне ұзақ уақыт бойы жеткізіп тұру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік», деді өз сөзінде К. Мәсімов. Осы орайда Үкімет басшысы бұл келісім екі мемлекет арасындағы келешектегі бірлескен жұмыстың көкжиегін кеңейтуді жоспарлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.