Қазақстан қысқы Азия ойындарын өткізуге дайын - ҚР Туризм және спорт вице-министрі

усымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан 7-ші қысқы Азия ойындарынан кейін де ірі халықаралық спорттық, экономикалық шараларды өткізетін болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстандық саммит барысында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі кезде замануи талапқа сай спорт, көрме кешендері салынуда. Бұл нысандар Азия ойындарынан соң да халықаралық ірі шараларды өткізу үшін пайдаланылатын болады. «Мәселен, Азиада ойындарынан соң 2017 жылы өткізілетін ірі халықаралық ЕХРО көрмесін өткізуге өтініш бердік», деді вице-министр. Оның айтуынша, спорт кешендері Азия ойындарынан соң да дамытылады.

«Мәселен, Шымбұлаққа қазіргі кезге дейін 250 миллион доллар салынды. Алдағы уақытта тағы 800 миллион доллар көлемінде қаржы құйылады деп жоспарланған. Демек, Азия ойындарынан кейін де Шымбұлақты халықаралық орталыққа айналдыру жалғасады. Алдағы уақытта бұл спорт кешенінің келбеті мүлдем өзгереді деп ойлаймын», деді Қайырбек Өскенбаев. Ол өз сөзінде Қазақстанның 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізуге дайын екендігін де атап өтті.