«Қазақстан - Қытай» мұнай құбырын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім қабылданды - Сенат

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қазақстан - Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңы қабылданды.

Құжаттық келісім бойынша, мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі қызметтердің тарифі мұнай құбыры жүйесіне кіру нүктесіне қарамастан, бірыңғай болып табылады және мұнай тасымалдау бағытының ұзақтығы есепке алынбай белгіленеді. Сонымен бірге қазақстандық нарыққа мұнай беру тарифі экспорт тарифінен аспауға тиіс. Ішкі нарығында ресурстардың жетіспеушілігіне әкелетін мәселелер туындаса, Қазақстан қажет болған жағдайда жыл сайынғы кестені тиісінше өзгертіп, Қытай тарапын хабардар ете отырып, мұнайды экспортқа тасымалдаудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізуге құқылы.

Бұдан бөлек, мұнай құбырының арқасында, құбыр өтетін жол бойындағы электр тарату және байланыс, жол, қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың, сондай-ақ барлық инфрақұрылым негізінде 8 қосымша сорғылық айдау стансаларының құрылысы қамтамасыз етіледі. Мұнай құбыры өтетін Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының бұрынғыдан да қарқынды дамуына серпін береді. Сонымен бірге, қазақстандық мазмұнды кеңейту аясында қосымша 1000 жұмыс орны ашылады.