Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстаннан 1,2 млрд. текшеметр газ қарызға алады - С.Мыңбаев

АСТАНА.  4 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстаннан 1,2 млрд. текшеметр газ қарызға алады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдік отырысында ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылғы жылыту маусымында Қазақстан шамамен 800 млн. текшеметр газ қарызға алып, оны қыркүйектің 1-інен бастап қайтару жұмыстарын жүргізуде.

«Біз «Газпроммен» сәйкесінше келісімге қол жеткіздік. Осы жылдың 1 қарашасына дейін қарыз жабылатын болады. Ал, ағымдағы жылы жылыту маусымын газбен қамтамасыз ету үшін біз қытайлықтармен, сәйкесінше «Газпроммен», өзбектермен 1,2 млрд. текшеметр газ қарызға аламыз деп уағадаластық», - деді С. Мыңбаев.

Министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта республикада газ тұтыну көлемі артып келеді. Ағымдағы жылы қарызға алынғалы отырған газдың 500 млрд. текшеметрі 2012 жылы жылыту маусымына, ал келесі жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында қалған 700 млн. текшеметр тұтынылатын болады.