Қазақстан Қытайдан қандай әскери техникалар алмақ

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан қазіргі уақытта 34 елмен халықаралық әскери ынтамақтастықты жүзеге асыруда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қорғаныс министрлігі мемлекеттің әскери қауіпсіздігі тұрғысында халықаралық ынтымақтастықты жүргізуде. Қазіргі уақытта біз 34 елмен халықаралық әскери ынтамақтастықты жүзеге асырудамыз, соның ішінде 17 мемлекетпен жоспарлы түрде атқарылуда. Енді Азия елдеріне тоқталсақ, яғни ҚХР-мен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық байланыс орнаттық. Бұл бағыттағы байланыстар дәстүрлі түрде әскери білім беру саласында, жауынгерлік даярлық пен әскери-техникалық серіктестік бағытында жалғасуда», - деді Т. Мұхтаров.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қытайда 200-дей әскери қызметшілер білімдерін жетілдіріп келді.

«Әскери-техникалық қатынастарға тоқталсақ, Қытай тарапы Қазақстанға 100 миллион юаньнен астам сомаға техникалық көмек көрсетті. Содан басқа, біз бұл елден қару-жарақ сатып алып жатырмыз. Атап айқанда, ұшқышсыз ұшатын аппараттарын алғанбыз, сондай-ақ әскери көліктік ұшақтарын алу шаралары жүргізілуде», - деп нақтылады ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.
 

Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяда Қазақстанның әскери теңіз күштерінің мамандары даярлануда.

«Бұл елде 15 маман даярлықтан өтті. Қазір екеуі сонда білім алып жатыр. Сонымен қатар Кореядан үш күзет кемелерін алған болатынбыз», - деді Мұхтаров.

Ал Жапонияның қорғаныс ведомствосымен әскери медицина, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс саласында қарым-қатынас құруға уағдаластық жасалуда.

Мұнымен қоса ол Үндістанмен жақсы байланыстар орнағанын, осы орайда әскери даярлық, бітімгерлік бағыттарында ынтымақтастық ескерілген. Сонымен қатар Түркияда 200-ге жуық курсанттар мен офицерлер арнайы білім алды.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет сағаты Азия бағытындағы Қазақстанның сыртқы саясатына арналды.

Соңғы жаңалықтар