"Қазақстан қыздарының 70 пайызының денсаулығы төмен" – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы құрылысы мен қайта жаңарту бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсанынан басталады. Еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың алдында аталмыш көлік дәлізінің құрылысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында магистраль салу үшін жер телімдерін сатып алу жөнінде жасаған баяндамаларында облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен мен Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осындай деректер келтіреді. Олардың баяндауынша, осы уақытта қажетті жер учаскелерін сатып алу кестесі әзірленіп қойған. Негізгі проблема - 232 шақырым автожолдың 202 шақырымы бос, яғни жұмысты бастауға болады, ол жүзеге асырылады. Қалғаны 30 шақырым, олардың үштен екі бөлігін сатып алу кесте бойынша 15 желтоқсанды аяқталады. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында жариаланған «Жолға қатысты мәселе шешімін табуда» деген мақаладан біле аласыздар. .

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі нөмірінде «Денсаулық зор байлық дейміз-ау...» атты мақалада беріліп отыр. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, 300 мыңнан астам халқы бар Семейде қалалық денсаулық сақтау бөлімінің таратылғанына екі-үш жыл болып қалды. Ал оның қандай қажеттіліктен туындағанын ешкім дөп басып айта алмайды. Қалай болғанда да бұл шешімнен кейін мұнда бәрі жақсы болып кетеді дегенге сену қиын. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасары деңгейіндегі шағын штат барлық мәселені бақылай алмайтындығы және шындық.

***
«Айқын» газеті Маралды көлінің тағдырына алаңдаулы. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Маралды маңы тоналып жатыр» деген мақалада егжей-тегжейлі жазылған. «Жаз бойы жағасынан адам арылмайтын шипалы көлдердің бірі - Маралды. Атақты Естай ақын Қорлан қызға сөз салған жер. Бұл жердің адамдары Маралды суының емдік қасиеттілігі соншалық, төсек тартып қалған адам шайынса аяғына тұратындығын айтады. Амал қанша, бүгінгі күні алтынның қадірі қашып тұр. Себебі ақша үшін аш көзденгендер Маралдының маңайын торуылдап, табиғи байлықты өз қалталары үшін жаратуда және барлығы заңсыз жүргізілуде. Экологиялық ахуалы мәз емес. Ал бұған қоршаған ортаны қорғау мамандары да, тәртіп сақшылары да тосқауыл бола алмауда. Яғни аталмыш көл табиғи теңдессіз байлығынан күн өткен сайын тоналып барады. Бұлай жалғаса берсе, ертеңгі күні тізеден келетін қайраңға шомылып қалатын қауіп бар. Сондықтан да ғаламдық ғалымдардың назарын аударған көлге жедел арада көңіл аудару керек секілді», - делінген мақалада.

«Айқынның» бүгінгі санында «Қазақстан қыздарының 70 пайызының денсаулығы төмен» деген тақырыппен сұхбат жарияланды. Сұхбат беруші Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева. Сұхбаттасушының айтуынша, бүгінде алкогольдік ішімдіктерді тұтынушылық өзінің даму қарқыны және ауқымымен бүкіл әлемде асқан алаңдаушылық туындатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 2,5 миллион адамның ерте өлімге ұшырауының бірден-бір себебі - араққа құмарлық болып табылады. Қазақстанда осы дерттен туған психикалық ауытқушылығы бар 249 мың адам диспансерлік есепте тұр. Бұл тек көмек сұрап келгендері ғана. Олардың әрбір он екіншісі - әйелдер. Қазақстан тұрғындарының 34 пайызы ішімдік ішеді. Олардың басым үлесі - 30-49 жас аралығындағыларға келеді, олардың пайыздық мөлшері - 46,8 пайызды құрайды. 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің үлесі - 21,3 пайыз. 11-12 жастағы оқушылардың 9,4 пайызы алкогольдік ішімдіктер тұтынады. Бүгінде алкогольдік ішімдіктерді шектеудің ең бір тиімді жолы - оның экономикалық қолжетімділігін шектеу болып отыр. Бұл үшін қолданылатын шара - спирттік ішімдіктердің бағасын көтеру болмақ. Сондай-ақ физикалық қолжетімділікті де шектеу керек.

***
«Алаш айнасы» басылымы қарашадан бастап елімізде қысқаратын 26 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерлердің жағдайына алаңдаулы. Басылымның хабарлауынша, қысқартулар бірде-бір мемлекеттік органды айналып өтпейді және бұл шараларды мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері жүргізеді. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктерде қысқарту бойынша жұмыс тобы құрылып, іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте баласы 14 жастан аспаған жесір әйелдер, бала асырап алған мемлекеттік қызметшілер, баласы үш жасқа толмаған әйелдер қысқартуға ұшырамайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, біліктілігі төмен, өзін-өзі көрсете алмаған мамандар кетеді. Ол-заңдылық. Сонымен қатар бірінші кезекте бос тұрған орындар қасқартылады. Одан кейін өздерінің мамандық деңгейлеріне сәйкес келмейтін қызметкерлер қысқартылады. Мемлекеттік орган қызметкерлерін қысқартуға қатысты мәселенің қыр-сырын білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қарашадағы қысқарту» атты мақаланы оқыңыз.

Сондай-ақ «Алаш айнасы» тілшілерінің хабарлауынша, Қостанай қаласына тиіп тұрған Заречный ауылына жоспарланған «Нұрлы көштің» үйлерінің әр шаршы метрін мемлекет 56 мың 515 теңгеге бағалапты. «Кәнекей шаршы метрі 56 мың тұратын жөні түзу баспана салып көріңдерші. Бізде қазір шаршы метрдің құны 120 мың теңгені құрайды, орта есеппен 90 мың дейік. Ал басқаға біз үй тұрғыза алмаймыз», - дейді облыс әкімі Сергей Кулагин. Осыны тілге тиек еткен жергілікті билік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Қостанайға бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруды жөн көріпті. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қостанайдағы «Нұрлы көш» көштен неге қалды?» атты мақаладан біле аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапары барысында Астана Саммитін қолдау мақсатында Франция тарапынан трансферт және технологиялар саласы бойынша 2 миллиард еуро көлемінде инвестиция бөлу жөнінде келісім жасалды. Осының өзі екі ел арасында нағыз стратегиялық әріптестік қатынастардың орнығуын көрсетеді. Соңғы уақытта мемлекеттер арасында қарым-қатынас барынша жетіліп келеді. Мысалы Францияның Сыртқы сауда жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапарын Астана мен Париж арасындағы қатынастарда дамытудағы ерекше күндердің бірі екендігін атап көрсетті. Бұл жайында білгіңіз келсе, басылымдағы «Характер контактов - стратегический» атты мақалаға көз жүгіртіңіз.