«Қазақстан өркениетаралық және дінаралық сұхбаттастықтың дамуына өз үлесін қосуда. Біздер бастамашы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі танымал халықаралық сұхбат алаңына айналды. Сіздердің елдеріңіздің делегаттарын ағымдағы жылдың маусымында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының V съезіне шақырамыз», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы лаңкестіктің бүгінде жаһандық проблемаға айналғаны әрі онымен барша әлем бірлесіп күресуі қажеттігі ешкімге күдік тудырмайтындығын баса айтты. «Қазақстан лаңкестік пен экстремизмнің кез келген көрінісін үзілді-кесілді айыптайды және бұл зұлымдыққа қарсы барлық елдердің жаһандық жұмыстарына қатысады. Біз мұндай қатермен күресте халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды күшейтуге дайынбыз», - деді ҚР Президенті.
15:26, 17 Ақпан 2015
Қазақстан лаңкестікпен, экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды күшейтуге дайын - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан лаңкестікпен, экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды күшейтуге дайын. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.