ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Лондонда өткен London FWD іс-шарасы аясында Coursera Learning Excellence Award халықаралық сыйлығына ие болды. Іс-шара Coursera және Udemy жетекші білім беру технологиялық платформаларын, сондай-ақ Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (EMEA) елдеріндегі негізгі серіктестерді біріктірді.
Шара барысында сондай-ақ халықаралық EY консалтингтік компаниясы, Ұлыбританияның Nationwide банкі және Италияның bIP технологиялық консалтингтік компаниясы марапатталды. Coursera компаниясының бас директоры Грег Харттың (Greg Hart) жетекшілігімен өткен іс-шараға цифрлық білім беруді дамыту және білікті кадрлар даярлау бағытында жұмыс істейтін жетекші халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
— Қазақстан бұл марапатқа халықаралық онлайн оқытуды жоғары білім беру жүйесіне интеграциялау, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие цифрлық құзыреттер мен жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту бағытындағы жетістіктері үшін ие болды. Қазақстан мен Coursera арасындағы ынтымақтастық 2022 жылы басталғаннан бері бірлескен бастама ұлттық жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудың стратегиялық маңызды бағыттарының біріне айналды, — делінген хабарламада.
Цифрлық білім беруді дамыту — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Ведомствода заманауи білім беру технологияларын енгізу, халықаралық онлайн оқыту платформаларымен ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ студенттердің қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық және икемді дағдыларын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Министрліктің жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау бағытындағы жұмысы бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалған болатын. Атап айтқанда, 2025 жылы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Coursera Learning Hero Award сыйлығына ие болды. Ал 2026 жылы Coursera Learning Excellence Award сыйлығының берілуі осы жетістіктің заңды жалғасы болып, еліміздің цифрлық білім беру мен жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Сонымен қатар бұл жетістік студенттердің алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдануына, кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға және стартап экожүйесін дамытуға мүмкіндік беретін бастамалардың ауқымы кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.
Қазақстанның 100 университеті Coursera платформасын пайдаланады
Бастаманы іске асыру нәтижесінде қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері мыңдаған халықаралық онлайн курсқа, әлемнің жетекші университеттері мен салалық серіктестерінің кәсіби сертификаттау бағдарламаларына қол жеткізіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Бүгін Coursera платформасында 292 мыңнан астам білім алушы сертификат иеленіп, берілген сертификаттардың жалпы саны 682 мыңнан асты. Оқуға жұмсалған уақыттың жиынтық көлемі 5,35 млн сағаттан асып, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары аясында 163 098 академиялық кредит есепке алынды.
2026 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің 100 жоғары оқу орнына Coursera платформасын пайдалануға 38 184 лицензия бөлді.
Қазір еліміздің 100-ден астам университеті Coursera курстарын білім беру бағдарламаларына жүйелі түрде енгізіп, онлайн оқыту нәтижелерін ресми жоғары білім беру жүйесі аясында тану тәжірибесін жүзеге асырады.
Осыдан бұрын «Дарын» жастар сыйлығының үміткерлері белгілі болды.