Қазақстан МАГАТЭ-мен соттаспайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның МАГАТЭ-ге жіберген талабы сот арқылы емес, консенсустық сипатта қаралады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Bloomberg news» агенттігінің мақаласына келсек, бұл - көптен бері шешілмей жатқан мәселе, яғни МАГАТЭ-ге мүше жекелеген мемлекеттердің агенттіктің басқару органдарында өкілдік етпеуіне қатысты екенін хабарлаймыз. Қазақстан агенттіктің тарихында алғаш рет МАГАТЭ-нің өңірлік топтарына кірмейтін және іс жүзінде МАГАТЭ-нің басқарушы органдарына сайлану құқығынан айырылған 17 елдің тізімін кодификациялауға қол жеткізді. Бұл тізімге Орталық Азияның барлық елдері, Израиль, Непал, Бахрейн, Камбоджа, Бруней-Даруссалам және басқалары да кіреді», - деді А. Смадияров министрлікте өткен апталық брифингте.

Осыған орай, Қазақстан бұл мәселені шешу жөніндегі қарар жобасын МАГАТЭ-нің Венадағы бас конференциясының алдағы сессиясына енгізуді жоспарлап отыр.

«Ағылшын тіліндегі Bloomberg мақаласының түпнұсқасында орыс тіліне аудару кезінде бұрмаланған дәл осындай хабарлама айтылған. Осы ретте айтайын дегеніміз, бұл сот арқылы талап ету емес, консенсустық қарарды енгізу туралы айтып отырмыз. Қазақстан мүдделі елдермен және МАГАТЭ хатшылығымен бірлесіп, осы мәселені реттеу және ұйымға қатысушылардың барлығының консенсусына негізделген құқықтық тетікті табу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Біз соның ішінде ядролық бестік тарапынан үлкен қолдауға ие болдық», - дейді А. Смадияров.