Қазақстан мал шаруашылығы өнімін 42 елге жеткізе алады

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мал шаруашылығы өнімін экспорттау бойынша шет елдердің тізіліміне 3 728 қазақстандық кәсіпорын енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлім етті.

— Биыл солтүстік-батыс өңірдегі аусылдан таза аумақтың мәртебесін тану үшін Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымына дерекнама жіберілді. Алынған саламаттылық мәртебесі отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Осы жылы 16 ветеринариялық сертификат келісілді және қол қойылды, бұл мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға жол ашады. Жалпы отандық мал шаруашылығы өнімін Еуропа одағы елдеріне, Ұлыбритания, Ирак, Иран, АҚШ, Канада және басқа да бағыттарды қоса алғанда, 42 елге жеткізуге болады, — деді А. Бердалин Сенатта ветеринариялық қызмет тақырыбын талқылауға арналған Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, Қытай Халық Республикасымен экспорт бойынша хаттамаларға қол қойылды: сойылған ірі қара мал, мұздатылған құс еті, салқындатылған әрі термиялық өңделген шошқа еті және қосалқы өнімдері, сондай-ақ өңделген қой мен ешкі еті.

— Биыл Қытай Халық Республикасы тарапынан Қазақстан өнімін экспорттау мүмкіндігіне инспекция жүргізілді. Тексеру нәтижелерін күтіп отырмыз, — деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде шет елдердің тізіліміне 3 728 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында 9,1 млн бас ірі қара мал тіркелді.