Бұл Жол картасы 2026-2028 жылдарға арналған саланы кешенді қолдау мен дамыту бойынша шаралар кешенін қамтиды: шикізат тапшылығын жою, агротехнологияларды енгізу, логистикалық мәселелерді жеңілдету, өнімділікті арттыру, сондай-ақ қаржы құралдары арқылы фермерлер мен өңдеушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядықар Ибрагимовтың айтуынша, Қазақстан май өндіру саласында кейінгі жылдары айтарлықтай өсімге ие болып, экспорттың географиясын кеңейткен.
– Басты мақсатымыз – 2028 жылы май және тоң май өнімдерінің экспортын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Өткен маусымда 837 млн долларлық өнім экспорттап, ел тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеттік, - деді ол.
Ибрагимов Жол картасында логистика, халықаралық стандарттарға сәйкестік, фермерлерді қолдау және өңдеу қуаттарын арттыру бойынша бірнеше шаралар қарастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ күнбағыс егісін 850 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен шикізат базасы кеңейетіні айтылды.
Ал Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Делегация өкілдері құжаттың саланы жаңа деңгейге шығаратынын жеткізді.
– Бұл Жол картасы – Қазақстанның агроөңдеу саласы үшін маңызды кезең. Ол экспортты ұлғайтуға, логистиканы жақсартуға және халықаралық талаптарға сай өнім өндіруге жағдай жасайды, - деді делегация басшысының орынбасары Йоханнес Бауэр.
Бүгінде Қазақстан май өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды. Еуропалық Одақ күнбағыс күнжарасының импорты бойынша Қазақстанды ТОП-3 жеткізушінің бірі ретінде атап өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда қазақстандық бидай мен май өнімдеріне сұраныс артып келе жатқанын жазған едік.