Қазақстан май өнімдері экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді көздейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан май өнімдері өндірісінің экспорттық әлеуетін жүйелі түрде арттырып, отандық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық беріп келеді. 2028 жылға қарай еліміз май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: АШМ

Бұл қазіргі деңгейден 60%-ға жоғары. Осы межеге жету үшін өндіріс орындарын кеңейту, шикізат қорын молайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және шетелдік нарықтарда сауда аясын арттыру жоспарланған.

— Еліміздің май өнімдерін экспорттаудан түсетін валюталық кірісі соңғы бес маусымда бес есе өсіп, 247 млн доллардан 1,232 млрд долларға жетті. Былтыр аталған саланың үлесі еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемінде 27%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер агроөнеркәсіп кешеніндегі елеулі өзгерістерге нақты дәлел деуге болады, — делінген хабарламада.

Атап айтқанда, шикізатты ел ішінде өңдеп, дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығарудың маңыздылығы жыл сайын артып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы май өңдеу кәсіпорындарының жылдық өндірістік қуаты 5,2 млн тоннадан асады. Алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеуге, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие дайын өнім өндірісін ұлғайтуға басымдық берілмек.

Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, саланы дамытудың негізгі жолдарының бірі — өсімдік майын тазарту әлеуетін арттыру.

— 2026–2028 жылдары өсімдік майын тазарту мүмкіндігін 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру жоспарланып отыр. Бұл бөтелкеге құйылып, қаптамаға салынған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есе ұлғайтуға және дайын өнім экспортын кеңейтуге жол ашады. Бұдан кейін өсімдік майлары негізінде тағамдық майлар мен маргарин өндірісін дамытуға басымдық беріледі, — деді Ядыкар Ибрагимов.

2025 жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға, ал Қытайға күнбағыс майын жеткізуші елдер арасында екінші орынға шықты. Бұған қоса, 2024/2025 маркетингтік маусымның қорытындысы бойынша еліміз Қытай нарығына рапс майын жеткізетін бес ірі елдің қатарына енді.

Қазақстан күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға жеткізуші жетекші үш елдің қатарында. Сонымен бірге еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің осы өнімге деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыс та нығайып келеді. Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майын жеткізетін жетекші елдердің біріне айналды. Өзбекстан нарығындағы қазақстандық өнімнің үлесі 2017 жылғы 13%-дан 2024 жылы 65%-ға дейін өсіп, 2025 жылы 90%-дан асты. Тәжікстанда да қазақстандық өнімнің үлесі осы кезеңде 15%-дан 74%-ға дейін артып, 2025 жылы 90%-дан жоғары деңгейге жетті.

Жалпы, Қазақстанда өндірілген май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі өткізу нарықтарының қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс бар.

Ұзақ мерзімді мақсат — Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі үш жетекші елдің қатарына қосу және май өнімдерінің экспортынан түсетін жылдық валюталық кірісті 2 млрд долларға жеткізу.

Сала дамуының маңызды шарттарының бірі — отандық шикізат қорын ұлғайту. 2021 жылдан бері Қазақстанда күнбағыс егілетін алқаптардың көлемі 2,3 есе өсіп, 958 мың гектардан 2026 жылы рекордтық 2,2 млн гектарға жетті.

Алайда отандық өңдеу кәсіпорындарының шикізатқа деген сұранысы әлі де жоғары, ал қолда бар шикізат көлемі бұл қажеттілікті толық өтеуге жеткіліксіз.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ынталандырудың тағы бір тиімді жолы — өңдеуші кәсіпорындардың шаруаларға тікелей қаржылай қолдау көрсетуі. Бұл қаражат көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалады. Тек 2025 жылы осы мақсаттарға 43 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Мұндай қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайтып, өнім өндіруден бастап оны өңдеу мен экспортқа шығаруға дейінгі өзара сабақтас өндірістік тізбектің қалыптасуына ықпал етеді.

Қазақстанның тағы бір маңызды артықшылығы — Қытай, Орталық Азия, Еуропа мен Таяу Шығысты байланыстыратын халықаралық сауда жолдарының торабында орналасуы. Бұл географиялық мүмкіндік қазақстандық өнімді шетелдік нарықтарға жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Достық — Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын тасымалдауды үйлестіру тетігін іске асырып жатыр. Соның нәтижесінде Қытайға өнім жөнелту жоспарының орындалуы 2023 жылғы 40% төмен деңгейден 90%-дан асатын жоғары деңгейге жетті. Ал соңғы үш маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 3,7 еседен астам ұлғайды.

Тұтастай алғанда, май өнімдері өндірісін дамыту — Қазақстан экономикасын әртараптандырудың және шикізаттық емес экспортты арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Отандық шикізат қорының молаюы, өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру, көлік-логистика жүйесін жетілдіру және экспорт нарықтарын кеңейту еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыс Қазақстанның 2028 жылға қарай май өнімдері экспортын 1,5 млрд долларға жеткізу жөніндегі мақсатына қол жеткізуіне негіз қалайды.

Айта кетейік, Қазақстанның май өңдеу саласы Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайтып келеді.