Қазақстан-Мажарстан: бауырластық пен экономикалық дамуды негізге алған серіктес
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрияға мемлекеттік сапармен ат басын бұрды. Осылайша, еліміз Еуропалық одаққа мүше елдермен қарым-қатынасын жақсарту мақсатында тағы бір маңызды қадамға барып отыр. Сапар аясында бауырлас екі ел жетекшілері өзекті мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған келісімдерге қол жеткізуі мүмкін. Осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан мен Венгрия қарым-қатынасын шолып, даму жолына көз жүгіртті.
Саяси ынтымақтастық жолы
Екі ел арасында дипломатиялық байланыс 1992 жылдың 23 наурызында орнаған еді. Тура бір жылдан кейін, 1993 жылдың наурызында Венгрияның Қазақстандағы елшілігі ашылса, көп ұзамай қыркүйекте Қазақстан елшілігі де жұмысын бастады. Одан бері еліміздің бірнеше қаласында Венгрия консульдықтарының іргетасы қаланды.
Бұған дейін Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстан билігімен бірнеше мәрте келіссөз жүргізген. Үкіметаралық, Парламентаралық байланыстар жан-жақты дамыған. Екі ел әсіресе экономикалық бағыттарға басымдық береді. Қазақстан Венгриямен сауда байланыстары жағынан ТМД-дағы төртінші ірі ел саналады.
Былтыр қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ресми сапармен Венгрияға барып, оның шеңберінде Қазақстан-Мажарстан Стратегиялық кеңесінің 6-отырысы өткені есте.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. Ұлттық мүдделердің «түйісу нүктелері» ретінде энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, су ресурстарының менеджменті және инновация, ауыл шаруашылығы, білім беру және туризм сияқты салалар болды.
Тараптар ірі бірлескен жобаларды іске асыруда, өзара сауданы әртараптандыру және ұлғайтуда уағдаластыққа қол жеткізді. Қазақстан экспорттық тауарлар номенклатурасын сомасы 700 млн долларға жуық 95 атауға ұлғайту ниетін растады.
Сонымен қатар, отырыс барысында өкілді делегация құрамына кірген ҚР бейінді министрліктерінің өкілдері де сөз сөйледі. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында мамандар даярлау, су ресурстарын тиімді басқаруда тәжірибе алмасу, сондай-ақ сауда миссияларының өзара сапарларын ұйымдастыру мәселелерінде одан әрі өзара іс-қимыл жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Стратегиялық кеңес аясында Су ресурстарын басқару бойынша Қазақстан-Мажарстан форумы өтті. Сарапшылар су ресурстарына қатысты өзекті мәселелерді шешу бойынша бейінді министрліктердің бірлескен іс-шараларын өткізуге келісті.
Сондай-ақ «Globalia» мажар компаниясының басшысы Габор Шаги және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңында жұмыс істейтін «Equilibrium Capital» инвестициялық қорының президенті Питер Надьпен екіжақты кездесулер өткізді. Компания басшылары Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері, мажар капиталының қатысуымен АХҚО алаңында сауда-инвестициялық институттар құру, IT және банктік консалтинг саласындағы инвестициялық жобалардың іске асыру барысы жөнінде, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша жоспарлар туралы егжей-тегжейлі сөйлесті.
Сауда байланыстары қалай дамып жатыр?
Биыл қаңтар-тамыз айларының аралығында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 131,1 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғары, 2022 жылдың алғашқы 8 айында көрсеткіш 123,3 млн доллар болған еді.
Жалпы тауар айналымы мөлшерінің ішінде 2,7 млн доллары Қазақстан тарапының экспортына тиесілі. Негізінен еліміз Венгрияға
- тері, қауырсын, түбіт (865,8 мың доллар)
- · пропилен полимерлерін (613,5 мың доллар)
- · ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер (302,6 мың доллар)
- · балық (247,7 мың доллар)
- · жылжымалы құрамның бөліктерін (223,2 мың доллар)
- · желімделген фанера (111,1 мың доллар)
- · телефон аппараттарын (92 мың доллар)
- · сұйық сорғылар (57,7 мың доллар)
- · топырақ жұмыстарына арналған машиналар (52,7 мың доллар)
- · теріні күтуге арналған косметикалық құралдар, сәндік косметикаларды (48,2 мың доллар) жөнелтеді.
Ал Мажарстаннан келетін импорттың жалпы көлемі 128,3 млн долларға жеткен. Өз кезегінде Венгрия тарапы Қазақстанға
- ·оралып, өлшенген дәрілік заттар (24,6 млн доллар)
- · жылжымалы құрамның бөліктерін (7,2 млн доллар)
- · инсектицидтер, гербицидтер (6,4 млн доллар)
- · турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар, газ турбиналарын (6,3 млн доллар)
- · ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға және бастыруға арналған машиналар (6,3 млн доллар)
- · тамақ өнімдері (5,5 млн доллар)
- · фармацевтикалық өнімдерді (5,5 млн доллар) тасымалдайды.
Былтыр венгрлердің қатысуымен Батыс Қазақстан облысында «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны пайдалануға берілді. Газ конденсаты кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. «ҚазМұнайГаз» (50 пайыз), мажарстандық MOL Group (27,5 пайыз) және қытайлық Sinopec (22,5 пайыз) компаниялары кіретін бірлескен кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығына ие.
«Рожковское» кен орнын игеру арқасында Қазақстанның Ұлттық қоры 501 млрд теңгеге, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады. Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді, сондай-ақ жыл сайын келісімшарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадрларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ын арнауды жоспарлады.
Ал биыл қыркүйекте Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рон кездесті. Осы басқосуда Мажарстан тарапы Қазақстанда тұқым өндіретін зауыт салуға ниетті екендерін білдірген. Сонымен қатар мал шаруашылығына қажетті жемшөп дайындау ісін бірлесе бастауға құлық танытқан.
Жиында «LAC Holding» компаниясының президенті Ласло Хорват Ауыл шаруашылығын дамытудағы өзара іс-қимыл жоспарларын таныстырды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Венгрияның ауыл шаруашылығы университетімен тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Нәтижесінде, венгр агроном мамандары қазақстандық аграршылармен өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісетін болды.
Кәрі құрлыққа ауған бауырлас жұрт
Қазақстанның Мажарстанмен туыстығы, бауырлас елдер екенін ерекше атай кеткен жөн. Батыс пен шығысты жалғап жатқан ұлы дала көшпенділерінің өкілі мажар халқы саналады. Түркі мәдениетін сақтаған, танымдық тұрғыдан ұқсастығы бар Еуропа құрлығындағы жалғыз ел ретінде Венгрия көпшілікті қызықтырып келеді. Ілкіде ат баптап, құс салған, көкпар тартып, садақ атқан жұрт мәдениетін қазір де ұмыта қоймаған. Биыл Қазақстанда өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да мажарлар қатысып белсенділік көрсетті.
Қазір түркі елі саналатын Мажарстанмен қарым-қатынас мәдени ғана емес, экономикалық бағытта дамуда. Түгел түркінің басын қосып, мәдени және экономикалық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған Түркі мемлекеттері ұйымы – соның бір дәлелі. Таяуда ғана түркі жұртының жетекшілері Қырғызстанда жиналды.
Негізі Түркі мемлекеттері ұйымы әу баста мәдени қарым-қатынасты нығайту мақсатында іргетасы қаланды. Себебі осы бағытта ортақ мүмкіндіктер мол еді, кейін ынтымақтастық артып, өзге салаларды қамтыды. Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін мемлекеттерде шамамен 150 миллионға жуық адам өмір сүреді. Ішкі жалпы өнім көлемі 1,6 трлн долларға жеткен. Осылайша, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 1,8 пайызын құрап отыр.
Түркі кеңесін басқалардан ерекшелейтін тұсы – оған мүше мемлекеттер түрлі экономикалық ұйымдарға мүше. Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Түркия Дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасын көріп отыр. Түркия НАТО мүшесі, Еуропалық Одаққа енуді жоспарлап жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ал біз айтып отырған ұйымның бақылаушысы Мажарстан ЕО-ға да, Шенген аймағына да кіреді. Демек, бауырлас мемлекеттердің экономикасын ілгерілетуге, сауда-саттықты нығайтуға толық негізі бар. Былтыр ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 млрд доллардан асты. Алдағы уақытта мұны 1,5 есе ұлғайту көзделген.